Астанада тіркелмеген «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясының мүшелері ұсталды


07/12/2023
11:54 11449 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

6 желтоқсан кешке Астана қаласында «Алға, Қазақстан!» тіркелмеген оппозициялық партиясының мүшелері Әсет Әбішев, Сергей Измайлов және құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты полиция ұстаған. Бұл жөнінде «Белсенділер экстремист емес» телеграм-арнасы хабарлады. 

 

Телеграм-арна мәліметінше, ұстау кезінде полиция дөрекі әрекет еткен. Әсет Әбішевті қолына кісен салынған. Айдар Сыздықов соққыға жығылып, күртешесі жыртылған. Ұсталғандар Байқоңыр аудандық полиция басқармасына жеткізілген. 

 

Жарияланған видеода Сыздықов «Олар мені ұрып-соқты» деп, телефонын тартып алғанын айтады. 

 

6 желтоқсанда Әсет Әбішев, Сергей Измайлов және адвокат Мейіржан Досқараев Астанада баспасөз мәслихатын өткізген. Олар марафоншы, «Алға, Қазақстан!» көшбасшысы Марат Жыланбаевқа шыққан үкіммен келіспейтіндерін айтып, істің саяси тапсырыс екенін мәлімдеген. 

 

Марат Жыланбаевты Астана соты 29 қарашада «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» баптары бойынша кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырған. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» қатарына қосып, билікті белсендіні дереу босатуға шақырған. 

 

Сот барысында Марат Жыланбаевтың өзі тағылған айыптармен келіспеген. Ол процестің ашық өтуін талап етіп, аштық жариялап, ауызын тігіп тастаған. Бірақ сот белгісіз куәләрдің өтініші бойынша процесті жабық өткізген.

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

07/12/2023 11:54
11449 0

Уведомление